Ақмола облысы цифрландыру және архивтер басқармасының «Бурабай ауданының мемлекеттік архиві» коммуналдық мемлекеттік мекемесі |
Еңбектегi ерег ерлiгiмен, әдебиет, өнер т.б. салалардағы жетiстiгiмен, сондай-ақ туған өлкенiң даңқын асқақтатқан Бурабай (Щучье) ауданының жеке тұлғаларын қысқаша баяндаудың өзiне бiр кiтап қажет. Бiрақ осы жарқын тағдырларды қысқаша баяндаумен шектелуге мәжбүрмiз. Олардың арасында тарихи тұлғалар, кеңес дәуiрiнiң және қазiргi кезеңнiң замандастары бар. Көпшiлiгi осы өлкеде туылмаса да, тағдырдың жазуымен осында келiп, өз бiлiм, тәжiрибелерi мен күш қайраттарын құшақ жая қарсы алған осы өңiрдiң гүлденуiне жұмсай бiлдi. Төмендегi қысқа тiзiмнiң өзi бурабайлықтардың халық жадында қандай жарқын iз қалдырғанын анық көрсетедi.
Бөгембай батыр, Бөгембай Ақшаұлы, Қанжығалы Бөгембай (1680-1775/66/78) — Орта жүз батыры, ру басшысы, дарынды қолбасшы. Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресi тарихында ерекше орны бар батыр. Маңғыстау, Жайық жағалауы, Ойыл, Жем бойы мен Түркiстанда, сондай-ақ Ерейментау, Қаратау мен Аңырақай шайқастарына қатысты. 1710 жылы Қарақұмда өткен үш жүз қазақтарының құрылтайында бүкiлқазақтық жасақ құрып, Бөгембай батыр үш жүздiң бас сардары болып сайланды. 1726 жылы батырдың қолбасшылығымен қазақ жасақтары қалмақтарға күйрете соққы бердi. 1756-1758 жылдары бiрiншi рет Шығыс Түркiстанға келген қытай әскерiмен болған әйгiлi талқы соүғысында қытай әскерiне қатты соққы берiп, Үрiмжiден асыра қуды. Батырдың ерлiгi Қожаберген жыраудың «Елiм-ай» атты тарихи дастанында жырланған. 1776 жылы көктемде баласы Тұраналы мен қанжығалы Айтбай Аткелтiрұлы бастаған елдiң игi жақсылары батырдың сүйегiн нарға теңдеп Түркiстанға жеткiзiп, Қожа Ахмет Иассауи мешiтiне жерлеген
Абылай, Әбiлмансұр (1711-1781), Орта жүз ханы (1771 жылға дейiн сұлтан болды), iрi мемлекет қайраткерi. Орта жүз ханы Әбiлмәмбеттiң әскерiмен күш бiрiктiрген Абылай сұлтан жоңғарларға қарсы жорық ұйымдастырды. 1771 жылы Әбiлмәмбет қаза болып, Абылай хан сайланды. Iшкi саясатта хан билiгiн нығайтып, шаруашылық пен сауданы дамытты. Халықтан жиналатын салықтың жаңа түрлерiн енгiзiп, оның мөлшерiн белгiледi. Мемлекет басқарудың орталықтандырылған түрiн ұсынды, ұлыстардың орталық билiкке бағынған сұлтандар арқылы басқарды. Абылайдың беделi Ұлы жүз бен Кiшi жүзде де жоғары болды. Сыртқы саясатта қазақ мемлекетiнiң тәуелсiздiгiн сақтауға тырысты, көршi мемлекеттермен дипломатиялық және сауда-экономикалық қарым-қатынасты күшейттi. Абылай билiк еткен жылдары Ресей, Қытай, Жоңғар, Бұхар және Хиуа хандықтары Қазақ хандығымен тығыз қарым-қатынаста болды. XVIII ғасырда Қазақстанды жаулап алуға тырысқан Жоңғар хандығына қарсы үш жүздiң басын қосқан күресте оның рөлi ерекше болды. XVIII ғасырдың ортасында жоңғарлар басып алған қазақ жерлерiн толық азат етуге үлкен күш жұмсады. 1740 жылы Абылай Ресейдiң қол астына кiрдi. Қазақ-орыс қарым-қатынасын нығайту үшiн Ресейге елшiлер жiберiп, патша әкiмшiлiгiмен болған келiссөздерге тiкелей өзi қатысты. Осы уақытта Ресеймен арадағы дипломатиялық, мәдени және сауда-экономикалық қарым-қатынас одан әрi нығайды, Орта жүздiң экономикасы қарқынды дамыды. Абылай хан дипломатиялық дарындылығымен, мемлекеттiк көрегендiлiгiмен ерекшеленiп, Орта Азия халықаралық қатынастардағы қиын да шиеленiстi оңай шешетiн. Қазақ-қытай қарым-қатынастарын дамыту үшiн Бейженге қазақ елшiлерiн жiбердi. Атақты Көкше тауының етегiндегi қазақтардың қасиеттi жерiне — Абылай ханның табиғи граниттi тағы және оның алаңы орналасқан. 1991 жылы Абылай ханның 280 жылдық мерейтойында алаңға стела орнатылды. Ол 2004 жылы қайта өңдеуден өткiзiлдi. Өзiнiң бай кiтапханасы мен экспозицияларын мақтан тұтатын мұражайдың iргетасы қаланды.
«Таңғажайып өлке Бурабай» кiтабынан
Алматы, 2009